Saturday 18 October 2025
Home      All news      Contact us      RSS      казахский
azattyq - 3 days ago

Депутат түрмедегі Жыланбаевпен кездескенін айтты. Ал адвокат белсендінің аштық жариялағанын хабарлады

Мәжіліс депутаты Ермұрат Бапи 12 қазанда түрмедегі белсенді, марафоншы Марат Жыланбаевқа кіріп шыққанын хабарлады. Ал адвокат Денис Малюга Жыланбаевтың 13 қазаннан бастап аштық жариялағанын хабарлады. Депутат Ермұрат Бапидің сөзінше, кездесу шамамен бір сағатқа созылған. Депутат пен белсенді арасында болған әңгімені қылмыстық-атқару жүйесінің бір өкілі тыңдаған. “Мен өзім біреуін ертіп алдым. Ертеңгі күні анау-мынау әңгіме болды” деп айтпасын деп” дейді депутат. “Жыланбаевтың денсаулығы қалай екен?” деген журналистің ол былай деп жауап берді. “Мен Маратты суреттен болмаса өмірде көрген адам емеспін. Бірақ сол суретіне қарап та Facebook-та, әлеуметтік желіде шулатып жатқандай – “арықтап кетті, өлім алдында жүр” дегендей ондай емес. Спортивный вид. Көңіл- күйі, түр сипатының бәрі жаман емес. Дәрігерге қаралуға мұқтаждық жоқ дейді. Бірақ экстремистік және террористік баптар бойынша мені заңсыз соттады. Сондықтан менде аштық жариялаудан басқа амал жоқ. Сондықтан ауық-ауық аштық жариялауға тура келеді деді. Мен айттым “дұрыс, бірақ денсаулығыңызға әсер етпей ме?” десем, “аштық жариялаған кезде арықтап кетемін, (бірақ таза аштық емес, су, сұйықтық ішеді - ЕБ.), одан кейін тоқтатамын, қайтадан денсаулығымды дұрыстап аламын да, қайтадан жариялаймын” дейді. Депутаттың сөзінше, Марат Жыланбаев оған өзіне түрмеде жүгіруге рұқсат бермейтінін айтқан. Депутаттың сөзіне қарағанда, ол түрме әкімшілігінен жүгіруге рұқсат бермеу себебін сұраған кезде “мұнда мыңнан астам сотталушы бар, әрқайсысының жеке талаптарын орындауға бізде мүмкіндік жоқ, тәртіп бәріне ортақ” деп жауап берген. Ермұрат Бапидің айтуынша, Жыланбаев түрмедегі тышқандар мен антисанитария туралы да шағымданған. Депутаттың сөзінше, белсенді түрмеде бірнеше тышқан ұстап алып, түрме әкімшілігіне көрсеткенін жеткізген. Түрме өкілдері тышқандарға қарсы зарарсыздандыру жұмыстарын жүргізіп жатырмыз, ғимарат ескі дейді. Көптен бері жөндеу көрмеген, қаражат бөлінбейді деді. Олар тышқандарға қарсы дәрі сеуіп, қарсы әрекеттер жасаймыз, бірақ оның бәрін бақылаумен жасамайтын болса, түрмеде неше түрлі сотталушылар бар, дәріні жеп, өлуге әрекет ететіндер бар, сол да бір жағынан қиын деді. Тышқан жүретін жердің барлығына қызметкерлерді қоюға мүмкіндік жоқ деді. Бірақ қазір санитарлық зарарсыздандыру жұмыстарын жасап жатырмыз деп айтты дейді депутат. Оның айтуынша, Марат Жыланбаев 30-беттік шағым жазып, сол хаты жоғалып кеткенін айтқан. Ал түрме әкімшілігінің өкілдері шағымның қайда кеткендерін білмейтінін, өздеріне ешқандай хат түспегенін мәлімдеген. Депутаттың сөзінше, дегенмен белсенді хаттары үнемі жоғалмайтынын айтқан. Бапи белсендіге азаматтық қоғам өкілдерін кіргізу туралы ұсыныс айтқанын, алайда оған қалай жауап берілетінін білмейтінін жеткізді. Айтуынша, алдағы қараша айларында Қызылордадағы түрмеде отырған журналист, белсенді Думан Мұхаммедкәрімге де баратынын айтты. Ол Жауғаштыдағы әйелдер колониясында отырған белсенді Әйгерім Тілеужанға бірнеше күн бұрын хабарласқанын, оның денсаулығына қатысты мәліметтерді түрме әкімшілігі жіберуге уәде бергенін айтты. Ал Белсенділер экстремист емес тобының хабарлауынша, 15 қазанда адвокат Денис Малюга мен бірқатар белсенділер Степногорск түрмесіне барып, адвокат Жыланбаевқа кіріп шыққан. Адвокаттың сөзінше, 13 қазаннан бастап Марат Жыланбаев өзінің заңсыз қамалуы мен құқықтарының бұзылуына қатысты аштық жариялаған. Адвокаттың айтуынша, Жыланбаев әлі де хат жіберу және алу құқығынан айырылып отыр, түрме аумағында дүкен әлі істемейді, белсендіге спорт алаңында жүгіруге де мүмкіндік берілмеген. Жыланбаев түрме әкімшілігінің арандату әрекеттеріне де шағымданған. Ол өзіне қоғамдық комиссия өкілдерін кіргізу туралы өтініш жазған. 61 жастағы Марат Жыланбаев – Гиннестің рекордтар кітабына енген жеті рекордтың иегері атанған ультрамарафоншы ретінде көпке танылған. Ол тіркелмеген оппозициялық Алға, Қазақстан! партиясының бастамашыл тобының жетекшісі болған. 2023 жылдың көктемінде белсенді қамауға алынып, оның ісін жабық қараған Астана соты сол жылы қарашада Марат Жыланбаевты экстремистік ұйым ісіне араласты және экстремизмді қаржыландырды деген айып бойынша жеті жылға бостандығынан айырған.Соттың ұйғарымы бойынша Жыланбаев: Қазақстанның демократиялық таңдауы қозғалысы экстремистік ұйым деп танылғанын біле тұра Астана қаласы аумағында ҚДТ ұйымының қызметіне белсенді түрде араласып, Мұхтар Әблязов ұйымдастырған заңсыз митингілерге қатысқан. Сонымен қатар, Әблязов пен және оның шетелдегі штабымен байланыс орнатып, олардың Конституциялық құрылымды күштеп өзгертуді көздейтін тапсырмаларын орындаған. 2021 жылы Жыланбаев М.Т. қоғамға қауіпті салдарды түсіне отырып, Әблязовтың тапсырмасын орындап, Астана қаласындағы Республика даңғылында орналасқан ашаршылық құрбандарына арналған ескерткішке келіп, ҚДТ ұйымының қызметін насихаттаған. 2022-2023 жылдары Жыланбаев М.Т. ҚДТ қызметінің экстремистік сипатын біле тұра, басқа адамдармен сөз байласып, оған ақпараттық, қаржылық және өзге де көмек көрсеткен. Әлеуметтік желіде ұйымды қаржыландыруға және оған қосылуға шақырған . Сот оны қоғамнан оқшаулап қана түзетуге болады деген ұйғарымға келген.Жыланбаев пен оның жақтастары тағылған айыптарды саяси астары бар деп жоққа шығарды.2018 жылы Қазақстан соты ҚДТ қозғалысын экстремистік ұйым деп танып, қызметіне тыйым салған. Ал Еуропарламент 2019 жылы наурызда қабылдаған қарарында ҚДТ-ны бейбіт оппозициялық ұйым деп атаған.Қазақстандық құқық қорғаушылар биліктің саясатын қатты сынайтын Марат Жыланбаевты саяси тұтқындар тізіміне қосқан. Ресми Астана елде саяси тұтқын жоқ, ешкім саяси ой-пікіріне бола қудаланбайды дейді.


Latest News
Hashtags:   

Депутат

 | 

түрмедегі

 | 

Жыланбаевпен

 | 

кездескенін

 | 

айтты

 | 

адвокат

 | 

белсендінің

 | 

аштық

 | 

жариялағанын

 | 

хабарлады

 | 

Sources